Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері көміртегі тотығымен уланған жүргізушіні дер кезінде құтқарып қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 20 наурыз күні таңертең Астана – Петропавл автожолында болған. Сағат 07:00 шамасында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері Мейрамбек Мекеш пен Асанәлі Әлиханов капотының астынан қалың түтін шыққан «Газель» көлігін байқайды.
Тәртіп сақшылары көлікті бірден тексеруге кіріскен. Алайда ішінде отырған жүргізуші жауап бермеген. Осыған байланысты инспекторлардың бірі көліктің бүйір терезесін сындырып, ішіне кіруге мәжбүр болған. Салонда ес-түссіз жатқан азамат анықталды.
Полицейлер жүргізушіні дереу сыртқа шығарып, таза ауаға алып шыққан және алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстап, кейін жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізуге көмектесті.
Алдын ала мәлімет бойынша, 22 жастағы жүргізуші қозғалтқышы қосулы көлікте ұйықтап қалып, көміртегі тотығымен уланып қалған.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта азаматтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.