Ресейдің Алтай Республикасында болған жол-көлік оқиғасынан Қазақстанның екі азаматы көз жұмды. Тағы үш қазақстандық түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы әйел қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Полицияның мәліметінше, әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған. Сонымен қатар ол көлікті мас күйде басқарған.
Қарсы жолаққа шыққан Toyota Avensis сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Chevrolet көлігінің 40 жастағы жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Екеуі де Қазақстан азаматтары болған.
Көлікте болған тағы үш қазақстандық зардап шекті. Олардың арасында 63 жастағы екі ер адам және 13 жастағы қыз бар. Жарақат алғандардың барлығы медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
Апатқа себеп болды деген күдікке ілінген 31 жастағы әйел де жарақат алған. Оның алған жарақаты жеңіл деп бағаланып отыр.
Қазіргі таңда жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын Ресейдің құқық қорғау органдары анықтап жатыр.