Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бостандық ауданында салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс барысын тексерді. Бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған нысан Левитан көшесінде орналасқан және аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін едәуір арттыруға бағытталған.
Бүгінде нысанда төрт блок бойынша темірбетон және шатыр жұмыстары толық аяқталған. Қабаттарда терезе конструкциялары орнатылып, инженерлік коммуникациялар жүргізілді, ішкі әрлеу жұмыстарының соңғы кезеңі өтуде. Сондай-ақ қасбеттерді қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – қолданыстағы медициналық мекемелердің жүктемесін азайтып, аудан тұрғындарына заманауи талаптар мен стандарттарға сай, қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды нысан. Біз орындалатын жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Емхана барлық заманауи талаптарға сай салынып жатыр, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне барынша жайлы жағдай жасалады. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру қажет», – деді Бейбіт Шаханов.
Жалпы жобада пациенттер ағынын бөлу қағидаты ескерілген көпсалалы медициналық мекеме қарастырылған.
Мәселен, бірінші қабатта сәулелік диагностика бөлімі, хирургиялық және травматологиялық кабинеттер, фтизиатриялық қызмет (ересектер мен балалар үшін), қабылдау-бақылау сүзгілері, балаларды амбулаторлық қабылдау, әлеуметтік дәріхана, кафе және күту аймақтары орналасады.
Екінші қабатта әйелдер кеңесі, жастар денсаулық орталығы, отбасылық денсаулық орталығы, кеңес беру-диагностикалық бөлім, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі жұмыс істейді.
Үшінші қабат эндоскопия бөліміне, амбулаторлық хирургия орталығына, күндізгі стационарға, клиникалық-диагностикалық зертханаға, әкімшілік блокқа, медициналық оңалту және физиотерапия бөлімдеріне арналған.
Цоколь қабатында орталық стерилизациялау бөлімі орналасады.