Әлеуметтік желіде Алматыдағы Мамыр-4 шағынауданында орналасқан Small супермаркетінде болған оқиға туралы әйелдің видеоүндеуі тарады.
Әйелдің сөзінше, ол дүкеннің ішін тазалаған. Алайда жұмысын аяқтағаннан кейін әкімшілік оған еңбекақысын беруден бас тартқан.
Өтініш иесі ақшасын талап еткен кезде дүкен қызметкерлерінің агрессивті әрекетіне тап болғанын айтады. Оның мәлімдеуінше, Гүлмира есімді дүкен директоры күзетшілерге оны күш қолданып, сауда залынан шығарып жіберуді тапсырған.
«Еңбекақымды алуға көмектесіңіз»
«Мені дүкеннен қуып шықты. Мамыр-4 шағынауданындағы Small дүкенінің директоры Гүлмира күзетшілерге мені ұрып-соғып, сыртқа шығарып жіберуді тапсырды. Тазалық жұмысы үшін ақшамды төлемеді. Маған шара қолданып, еңбекақымды алуға көмектесіңіз», – деді әйел видеоүндеуінде.
Сонымен қатар әйел құқық қорғау органдарына қатысты да ауыр айыптаулар айтты. Оның сөзінше, ұлын Талғарда күштеп ұстап отыр, ал отбасына балаларын ұрлап әкетіп, құлдыққа сату туралы қоса алғанда, түрлі қоқан-лоқы жасалған.
Ол Қазақстан президентінен жағдайға назар аударып, құқықтарын қорғауға көмектесуді сұрады.