Алматыдан Лондонға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының KC663 рейсі Франкфурт әуежайына қонды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, Airbus A321 ұшағы Лондондағы Хитроу әуежайының жабылуына байланысты бағытын өзгерткен. Ұшақ бортында 138 жолаушы болған. Компания хабарлауынша, Хитроу әуежайы түннің соңына дейін жабық күйінде қалатындықтан, рейстің әрі қарайғы ұшуы тоқтатылған.
"KC663 рейсінің ұшуы келесі күннің таңына сағат 11:30-ға (UTC) шегерілді", – делінген Air Astana хабарламасында.
Жолаушылардың 67-сінде жарамды Шенген визасы болмағандықтан, олар Франкфурт әуежайының транзиттік аймағында қалуға мәжбүр. Әуе компаниясы барлық жолаушыға күту уақытында тамақ пен сусын алуға арналған ваучерлер берген. Ал қалаға шығуға рұқсаты бар жолаушыларды қонақүйге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Әуекомпанияның жерүсті қызметтері мен өкілдері жолаушыларды қонақүймен, тамақпен, сусындармен және қажетті қолдаумен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеді компания өкілдері.