Аймақ

Алматыдағы комьюнити орталықтарға жарты миллионнан астам жас келген

Алматыдағы комьюнити орталықтарға жарты миллионнан астам жас келген
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы жастарының бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталықтарға сұраныс артып келеді. Биылғы жылдың өзінде мұндай орындарға жарты миллионнан астам адам бас сұққан, деп хабарлайды kznews.kz қалалық жастар саясаты басқармасына сілтеме жасап.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 10 айында шаһардағы комьюнити орталықтар қайнаған тіршілік ошағына айналған. Онда 2 мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылып, бұл жиындар 535 мың жасөспірім мен жалынды жастың басын қосқан.

Қазіргі таңда қалада әкімдіктің қолдауымен дәл осындай 11 орталық жұмыс істеп тұр. Бұл жай ғана ғимарат емес, жастарға сан түрлі бағытта қолдау көрсететін мекен деуге болады. Мұнда кез келген жас маман заңгерден ақыл сұрап, психологтан тегін кеңес ала алады. Тіпті жұмысқа орналасу мен кәсіп бастаудың қыр-сырын үйрететін мамандар да қарастырылған. Ал өз идеясын жүзеге асырғысы келетіндер үшін жайлы коворкинг аймақтары есігін айқара ашқан.

Статистикаға үңілсек, осы уақыт аралығында 16 мыңнан астам азамат мамандардың көмегіне жүгінген. Оның ішінде екі қолға бір күрек таппай жүрген 10 мыңға жуық жас жұмысқа орналасу мәселесі бойынша бағыт-бағдар алса, тағы 6 мыңы құқықтық және психологиялық тығырықтан шығу жолдарын іздеген.

Қуантарлық жайт, игі бастама мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін мегаполисте тағы бес жаңа комьюнити орталықты іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қала аумағында жастардың шығармашылықпен және спортпен айналысуына арналған 100 аула клубы мен демалыс орталығы қызмет көрсетеді. Биыл күрделі жөндеу жоспарына енген 20 нысанның 14-і толықтай жаңартылып, заманауи кейіпке енді. Қалған орталықтарды да жыл аяғына дейін толық аяқтап, жастар игілігіне беру көзделген.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz