ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Kinopark — Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің әрекеттерінен үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомство атап өткендей, аталған желіде отандық киноөндірушілерге міндетті түрде жарнама бюджетiн төлеу талабы қойылған, ал аталмыш төлем жасалмаған жағдайда фильмдер кинотеатрларда көрсетілімге жіберілмеген.
— Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, нарық субъектілерінің заңды құқықтарын бұзған, киноөндірушілердің кинопрокат нарығына кіруіне кедергілер жасап, отандық кинематографияның дамуын тежеген. Осыған байланысты Kinopark — Kinoplexx Theatres компаниясына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолданды. Хабарламаны қарау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылды. Атап айтқанда, міндетті жарнамалық шығындарды жүктеу тәжірибесі тоқтатылып, фильмдерді прокатқа шығару үшін талап етілген «кіру төлемдері» алып тасталды, — делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар, хабарламаны орындау аясында қазір фильмдерді релиздер кестесіне енгізудің, сеанстар кестесін өзгертудің, фильмдердің прокатта болу мерзімдерін айқындаудың, сондай-ақ оларды көрсетілімнен алу шарттарының бірыңғай, ашық және кемсітусіз тәртібін белгілейтін жария регламент әзірленіп жатыр.
Қабылданған шаралар нарықтың барлық қатысушы үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге, кинопрокат рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және отандық киноиндустрияның дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.