Ғылыми жиын алдында Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен қызметіне арналған құжаттамалық көрме таныстырылды. Онда ғылыми ортаға бұрын-соңды таныс болмаған тың мәліметтер де орын алды.
Институт директоры Зиябек Қабылдинов негізгі тақырыпқа тоқталып, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен қызметі негізінде кеңестік тұлғатанудағы өзекті мәселелерді зерттеу, тарихтағы рөлін анықтау мақсатында ұйымдастырылған ғалымдар басқосуының маңызы зор екендігін атап өтті.
Бүгінде ғалымдар зерттеулері мен архив қойнауында жатқан құжаттар мемлекет дамуы жолында күрескен Жұмабай Шаяхметов сынды көптеген ұлтжанды азаматтардың өмір жолына басқаша көзқараспен қарауды талап етіп отыр. Кезінде жаңсақ орын алған оқиғалар, саяси жала жабу сияқты ұлт қайраткерлерінің тағдырына жасалған қасастық бүгінгі тарихи деректер үдесінен алғанда ғалымдар тарапынан барынша ақиқатпен айтылуы қажет.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова гуманитарлық білімнің қоғамдық сананы жетілдірудегі маңызына тоқталып, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы Мәңгілік елдің әрі қазақстандық отансүйгіштіктің негізі деп атап өтті. Бүгінде ҚР Президентінің Архивінде өткен ғасырдың 20-шы жылдарына тиесілі архив құжаттарының мол қоры жинақталған. Осы маңызды құжаттар негізінде Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан тұлғалар жайындағы деректер үлкен зерттеулерді қажет етеді.
Жұмабай Шаяхметовтың ел өміріндегі қызметі тұрғысындағы тағы да көптеген мазмұнды деректерді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары, меценат Мұрат Сәрсенбаев ұсынып, тұлға туралы басылымдарды шығаруға қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Өз халқына адал қызмет еткен тұлғаның сан қырлы тағдырына тоқталып, тарихи мәліметтерді көпшілік назарына ұсынған институт директоры Зиябек Қабылдинов Жұмабай Шаяхметов ел тарихынан өзіндік орнын алуы қажет, оның елге сіңірген еңбегі де шынайы бағасын алуға тиіс деді. «...Жұмабай Шаяхметов кеткеннен кейін Никита Хрущев Қазақстанда өз білермендігіне салынып, қазақ жеріне қол салып, Өзбекстанға Бостандық ауданын, кейіннен үш ауданды заңсыз бекітіп берді. Одан кейін солтүстік облыстарды Ресейге бермек болғанда оған Шаяхметовтың шәкірті Жұмабек Тәшеновтың қарсы тұрғаны белгілі. Осылайша облыстарды көрші елге беру саясаты жүзеге аспай қалды. Бірақ Жұмабек Тәшенов те Шаяхметов кеткен Оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылды. Жұмабай Шаяхметовтың еліміздің көрнекті тұлғалары Дінмұхамед Қонаевтың, Қаныш Сәтбаевтың қызметіндегі рөлі зор».
ҚР Президент Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының жетекшісі Мұхаммед Жылгелдинов алда жоспарланып отырған құжаттар жинағына қысқаша шолу жасап, басылымның бөлімдеріне қатысты мәліметтерді ортаға салды.
Ғалымдар пікірі Шаяхметовтай тұлғаның өмір жолы барлық қырынан зерттеліп, әділ бағасын алуы қажет. Осы жиынға келген Шаяхметовтай тұлғаның ұрпақтары да өз естеліктерімен бөлісіп, ел тарихынан өз бағасын алады деген сенім білдірді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ