Алматыда студенттерге арналған заманауи жатақханалар санын арттыру мақсатында жаңа құрылыс және қайта жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаладағы студенттік жатақханаларды салу жөніндегі жобалық кеңсе инвесторларды мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы аясындағы жобаларға қатысуға шақырды. Бастама студенттерді қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба шеңберінде инвесторлар екі бағыт бойынша жұмыс істей алады. Біріншісі – жаңа жатақхана салу, екіншісі – қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңғырту. Екі жағдайда да жобалар инвесторлардың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Мамандардың түсіндіруінше, мемлекеттік субсидиялау – стратегиялық маңызды салаларды қолдауға бағытталған қаржылық ынталандыру тетігі. Алматыда бұл құрал студенттік инфрақұрылымды дамытуға серпін беріп отыр.
Бағдарлама аясында инвесторларға бірқатар артықшылық ұсынылады. Атап айтқанда, жатақханалардан тұрақты табыс табу мүмкіндігі, коммерциялық алаңдарды пайдалану, банктік несиелер бойынша субсидия алу, жер телімдеріне қол жеткізу, сондай-ақ құжаттарды рәсімдеуде тегін заңгерлік қолдау қарастырылған.
Жобалық кеңсе өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда 120-дан астам инвестор бағдарламаға қызығушылық білдірген. Бұл студенттік тұрғын үй нарығына бизнестің жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Жобалық кеңсе Алматы қаласы, Байтурсынұлы көшесі 22к1 мекенжайында орналасқан. Байланыс үшін: +7 701 528 28 37. Жоба жетекшісі – Дамир Кутумов.
Жауапты құрылымдар қаладағы студенттік инфрақұрылымды дамытуға бизнес өкілдерін белсенді қатысуға шақырады.