Алматыдағы дәмханалардың бірінде сатылған самсадан ветеринарлық чип табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желі қолданушыларын алаңдатты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға туралы қала тұрғыны айтып берген. Оның сөзінше, ол жақындарымен бірге аталмыш дәмхананың «сүйекті самсасын» көптен бері татып көруді жоспарлаған. Алайда күткен тағамның орнына күтпеген әрі жағымсыз жағдайға тап болған – самсаның ішінен жануарларға арналған чип шыққан.
Оқиға қоғамда қызу талқыланған соң, дәмхана әкімшілігі ет өңдеу цехынан түсірілген бейнежазба жариялап, тек ауыл шаруашылығы жануарларының етін пайдаланатынын мәлімдеді. Сондай-ақ табылған заттың шынымен де ветеринарлық чип екенін растады. Мұндай чиптерде жануардың иесі, вакцинация тарихы және күтіп-бағу жағдайы туралы мәліметтер сақталады.

Дегенмен, дәмхана өкілдері чиптің дайын тағамның ішіне қалай түскенін нақты түсіндірмеді. Сонымен қатар, егер тұтынушы оны байқамай жұтып қойған жағдайда қандай қауіп туындауы мүмкін екені де ашық күйінде қалды.
Бұл жағдай қоғамдық тамақтану орындарындағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.