Алматы әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған нақты шаралар топтамасы қаралды, деп хабарлайды kznews.kz. Әсіресе, құрылыс саласы мен көмірді пайдалану мәселесіне баса назар аударылды.
Кеңес барысында Алматыдағы ауа сапасы әлі де өзекті проблема екені айтылып, оны шешу үшін жүйелі әрі ұзақ мерзімді, өзара үйлестірілген қадамдар қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты құрылыс қалдықтарын басқаруды тәртіпке келтіру және экологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейту міндеті қойылды.
Атап айтқанда, Алматы облысында құрылыс қалдықтарын жинау мен өңдеуге арналған арнайы инфрақұрылым қалыптастыру жоспарлануда. Бұл қадам қалдықтарды ретсіз төгудің алдын алып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс саласын толық цифрландыру көзделіп отыр, бұл ашықтықты арттырып, бақылау тетіктерін тиімді етеді.
Құрылыс алаңдарындағы экологиялық тәртіп те назардан тыс қалмады. Міндетті талаптардың қатарында аумақтарды жүйелі түрде суару және шаңның пайда болуын азайтатын шараларды қолдану бар. Бұл құрылыс секторының ауа ластануына қосатын үлесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қалада көмірді пайдалану мәселесі де жеке қарастырылды. Ауаға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында көмірдің қалаға жеткізілуін шектеу тетіктері талқылануда. Соның ішінде көмірді сату орындарын қала аумағынан тыс жерлерге көшіру және оны пайдалануды қысқарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Қабылданған және қарастырылып жатқан шаралар ауаның ластану деңгейін кезең-кезеңімен төмендетуге, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және Алматыда қалдықтар мен отын ресурстарын басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.