Алматы прокуратурасы Kizdar.net интернет-ресурсының болжамды ұйымдастырушыларының ұсталғанын мәлімдеді. Тергеу мәліметінше, сайт 15 жылдан астам уақыт бойы интимдік қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша айып тағылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тінту кезінде ірі көлемдегі ақша, цифрлық активтер, компьютерлік техника және басқа да заттай дәлелдер тәркіленген. Алдын ала есеп бойынша заңсыз табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іс Алматы прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.
Айта кетейік, бұған дейін де Kizdar.net сайтына қатысты тергеу жүргізілген болатын. 2023 жылы Астанада осы ресурс арқылы сексуалдық қызмет көрсеткен ондаған қыз анықталып, бірқатар әкімшілік шаралар қабылданған еді.