Алматы облысында 40 жастағы Қарлығаш Отарбаева кесарь тілігі арқылы егіз қыздарды дүниеге әкелгеннен кейін перзентханада қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелдің жүктілікке дейін денсаулығында айтарлықтай кінәрат болмаған. Олар қайғылы жағдайға дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептеп, кесарь тілігі науқастың келісімінсіз жасалғанын алға тартуда.
Ал Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы бұл мәліметпен келіспейді. Медициналық мекеменің хабарлауынша, жүкті әйел ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер жоғары қан қысымы мен мерзімінен бұрын босану қаупіне байланысты шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдап, ота пациенттің келісімімен жүргізілгенін мәлімдеді.
Аурухана мәліметінше, операция сәтті өткен. Алайда арада біраз уақыт өткен соң әйелдің жағдайы күрт нашарлап, алдын ала диагноз бойынша өкпе артериясының тромбоэмболиясынан көз жұмған.
Қазіргі уақытта аталған оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталды. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталмақ. Ал дүниеге келген егіз қыздар дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.