Алматыда қоғамдық көлікте жанжалдасып, бір-біріне балағат сөздер айтқан екі жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 27 жастағы әйелге айыппұл салынып, 38 жастағы ер адам 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот 27 жастағы әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Ал жанжалға қатысқан 38 жастағы ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.
Осыған байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға шақырды.
«Эмоция жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық көлік — әр жолаушы тыныш әрі қауіпсіз сапарға құқылы кеңістік. Былапыт сөздер айту, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзу айыппұлдан бастап әкімшілік қамаққа дейінгі нақты құқықтық салдарға әкелуі мүмкін», — деп мәлімдеді ведомство.