Алматыда қоғамдық көліктен құлап, ауыр жарақат алған әйелдің оқиғасы қоғам назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Зардап шеккен азаматша әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, болған жағдайды баяндады. Оның айтуынша, оқиға 21 желтоқсан күні №104 бағыттағы автобуста болған. Әйел автобустан толық түсіп үлгермей жатып, жүргізуші қозғалысты бастап кеткен.
«Мен әлі толық түспеген сәтте автобус жүріп кетті. Соның салдарынан құлап, омыртқамды сындырдым. Қазір қозғала алмай жатырмын. Жүргізуші кешірім де сұрамады», – дейді жәбірленуші.
Сондай-ақ ол бірнеше полиция бөлімшесіне жүгінгенімен, арызы қабылданбағанын айтып шағымданды. Ал Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы, жүргізуші мен жолаушының әрекеттері жан-жақты қаралып жатыр.
Автобустың иесі саналатын «Олжас ЛТД» автопаркі оқиғаның болғанын растады. Компания мәліметінше, салондағы бейнебақылау жазбалары тексерілген.
«Автобус аялдамада толық тоқтап, есіктерін ашып, жолаушыларды түсірген. Кейін есіктер жабыла бастаған кезде, өз аялдамасын өткізіп алған жолаушы жүгіріп келіп, есікті қолымен ұстап, сыртқа шықпақ болған. Сол сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлаған», – делінген автопарк хабарламасында.
Компания өкілдері жүргізушінің басқа жолаушылармен бірге жедел жәрдем шақырғанын, алайда оның ұзақ келмеуіне байланысты жәбірленушіні жеке көлікпен өзі ауруханаға жеткізгенін де айтты. Сонымен қатар жүргізуші рентген тексеруінің ақысын төлеп, қосымша медициналық тексерулерге 50 мың теңге берген.
Автопарк өкілдері зардап шеккен азаматша компанияға ресми түрде жүгінген жағдайда, тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру аясында денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.