Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023–2024 жылдары компания «Ғылым қоры» АҚ-нан төрт ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін 1,15 миллиард теңге алған. Жобалар аясында өсімдік шикізатынан макарон өнімдері мен микроэлементтерге байытылған ұн өндіру көзделген.
Алматыда ғылыми жобаларға бөлінген 945 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша «Bal halal» ЖШС директорының ісі тергеуден өтті. Күдікті мемлекет қаржысын заңсыз пайдаланды деген айыпқа ілінді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алайда тексеру барысында сатып алынған жабдықтардың жоспарланған өнімдерді шығаруға жарамсыз екені анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті қаржының бір бөлігін өзіне қатысы бар «SMART 15» компаниясы арқылы аударып отырған. Осы ұйымның шоттарына жабдықтар мен қызметтерге ақы төлеу деген желеумен 736,4 миллион теңге түскен.
Қаражатты жымқыру схемасына өзге де кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» және «Sisters Brand KZ» қатысқан деген күдік бар.
Сонымен қатар ғылыми жобалардың орындалуын бақылау жұмыстары тек қағаз жүзінде жүргізілген. Мониторинг тобының мүшелері өндіріс орындарына бармай-ақ, тиісті құжаттарға қол қойған. Ал тексеру актілерін компания қызметкерлері өздері әзірлеген.
Тергеу мәліметінше, қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 миллион теңгесі кейін «Bal halal» компаниясының шоттарына қайта аударылып, жеке инвестиция ретінде көрсетілген.
ҚМА дерегіне сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын 945 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта компания директоры қамауда. Сот санкциясымен жалпы құны 830 миллион теңге болатын бес жер телімі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан мен зергерлік бұйымдарға тыйым салынған.
Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Күдіктінің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана анықталады.