Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидалары бекітілді. Құжатта тұрғындарға үйінің маңында автокөлікті тегін қою құқығы беріліп, электр самокаттарына қойылатын жеке талаптар, автокөліктерді эвакуациялау және шлагбаум орнатудың жаңа тәртібі енгізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Үйден 500 метр қашықтықтағы тұрақта тегін қою: не өзгереді?
Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Жол қозғалысы қағидаларымен реттелмеген бөліктерге қатысты Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын қабылдады.
Жаңа қағидалардағы басты өзгерістердің бірі – көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарына өз үйінен 500 метр радиуста орналасқан кез келген тұрақта бір автокөлікті тегін қою құқығының берілуі.
«Сонымен қатар нақты тұрақ орны бекітілмейді, бұл тұрғындар мен қаланың басқа тұрғындарының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Жоба бұл құқықты меншік иелері, жалға алушылар және олардың отбасы мүшелері үшін алу тәртібін егжей-тегжейлі сипаттайды», – деді Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев.
Бұдан бөлек, жаңа қағидалар:
-
коммуналдық ақылы тұрақтар мен жекеменшік тұрақтарды ажыратады;
- олардың жұмыс істеуіне, жабдықталуына және төлем тәртібіне бірыңғай талаптар белгілейді;
- төлемді мобильді және стационарлық фото және бейнетіркеу кешендері арқылы бақылауды енгізеді.
Тротуар бойындағы коммуналдық тұрақтар сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді және төлем минут сайын есептеледі.
Сонымен қатар жүргізушілер үшін жеңілдік кезеңі қарастырылған:
-
жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін тротуар бойындағы тұрақтар– 5 минут тегін;
- алаң тұрағынан шығу үшін – 10 минут тегін.
Бұрынғыдай төлемнен ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызметтер босатылады.
Бұған дейін «Алматы паркинг» компаниясы қағидалар жобасын алдымен қалалық мәслихат депутаттары қарайтынын, содан кейін құжаттың ресми түрде жарияланатынын хабарлаған болатын. Одан кейін мамандар жаңа тетікті іске қосу үшін ақпараттық жүйелерді баптайды. Автокөлік иелерінен өтініш қабылдау қағидалар күшіне енгеннен кейін басталады. Іске қосылатын нақты күн Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы мен «Алматы паркинг» компаниясының ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланады.