KZNews.kz
Жаңалықтар

Алматы тауларында жоғалып кеткен 3 жігіттің денесі өлі күйінде табылды

Қайсар Қанат
ТЖД

Алматы қаласының Медеу ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар "Локомотив" шыңы маңынан теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте тағы екі адамның мәйітін тапты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады kznews.kz.

Министрлік мәліметінше, осы топқа тиесілі тағы бір адамның денесі бұған дейін анықталған. Осылайша, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан.

Хабар түскен сәттен бастап "Мыңжылқы" бөгеті маңында жедел штаб құрылып, іздеу жұмыстарына Алматы қалалық ТЖД бөлімшелері, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы, құтқару қызметтері, полиция, альпинизм федерациясы мен еріктілер тартылған. Әуеден барлау жүргізу үшін "Қазавиаспас" тікұшағы пайдаланылды.

Жалпы алғанда, операцияға 80-ге жуық адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есеп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Жұмыстар күрделі биіктаулы жағдайда өтіп, төмен температура, ауа сиректігі, қар көшкіні қаупі мен жер бедерінің қиындығы іздеу барысын қиындатты.

Құтқарушылар дрондар, металл іздегіштер, іздеу зондтары мен арнайы құралдарды қолданған. Қолайсыз ауа райына байланысты мәйіттер "Медеу" құтқару бекетіне дейін жаяу жеткізіліп, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, марқұмдардың туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары