KZNews.kz
Аймақ

Алматы облысында БАҚ өкілдері баспанасыз қала ма?

Фото: Informburo.kz.Тимур Батыршин

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында тұратын журналистердің бір тобы жақын күндері "далада қалуы" мүмкін. Өйткені, БАҚ өкілдеріне тұрып жатқан қызметтік пәтерлерін босату туралы ескерту-хат берілген.

Бұл туралы ақпаратты журналист, "Хабар" агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

"Бұған облыс әкімдігінің 2025 жылғы 7 ақпандағы №32 қаулысы себеп болған. Құжатқа сәйкес Қонаев даңғылы бойындағы тұрғын үйдегі бірнеше пәтер Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының балансына өткен.

Журналистерге бір ай ішінде берешекті өтеп, пәтер кілтін тапсыру туралы хабарлама берілді. Талап орындалмаған жағдайда іс сотта қаралмақ. Бұл жағдай БАҚ өкілдері арасында алаңдаушылық тудырып отыр" дейді журналист.

Сондай-ақ ол журналистер тұрып жатқан қызметтік пәтерлерді тізімдеу мен тексеру кезінде облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы мен қызметкерлері тарапынан дөрекілік көрсетілгенін де айтты.

Ал жазбаға байланысты кері байланысқа шыққан облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова орын алған жағдайға қатысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →