Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диананың денесі табылды. Қыз ерлер дәретханасында асылған күйінде болған. Қазір оның өлімінің нақты мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның туыстары өз-өзіне қол жұмсау нұсқасына күмән келтіріп, қыз қылмыстың құрбаны болуы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр.
Анасының айтуынша, қайғылы оқиғаның алдында Диана онымен бірге уақыт өткізген. Анасына сыйлық жасап, сұлулық салонына апарып, концертке билет алып берген. Жұмыстан кейін ағасына баруды жоспарлағанымен, түнде байланысқа шықпай қалған.
Туыстары марқұмның денесінде көптеген көгерген із болғанын айтады. Сондай-ақ олардың сөзінше, қыздың сөмкесіндегі 100 мың теңге мен мойнындағы алтын алқа жоғалған.
Кейін Диананың кейбір жеке заттарын туыстары сайдан тауып, тергеушіге тапсырған.
Отбасы ықтимал куәгер туралы да мәлімдеді. Жақындарының айтуынша, ол дәретхана маңында екі көлік пен төрт жас жігітті көрген болуы мүмкін.
Полиция аталған дерек бойынша «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қыздың өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтауда.