Тоқаев мұғалімдерді жөндеу жұмыстары мен оқу процесіне қатысы жоқ шаралардан босатуды тапсырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алматы облыстық онкологиялық орталығы науқастарды темір контейнерде емдеуде: ӘМСҚ-ның миллиардтары кімнің қалтасында кетті?

Алматы облыстық онкологиялық орталығы науқастарды темір контейнерде емдеуде: ӘМСҚ-ның миллиардтары кімнің қалтасында кетті?
Фото: ашық дереккөз

Алматы облыстық онкологиялық орталығында сырқат меңдеген жандардың заманауи палаталарда емес, темір контейнерде ем қабылдауға мәжбүр болып отырған сұмдық жағдайы төбе шашыңды тік тұрғызады. Емдеу орнының тарлығынан амалсыздан жасалған мұндай «баспаналар» әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың жағасын ұстатты. Қаншама жан өмір мен өлім арасында арпалысып, дертіне шипа іздеп келгенде, мемлекет тарапынан жасалған «қамқорлықтың» сиқы осы болып шықты. Аталған өңірде соңғы жылдары онкологиялық аурулардың өсімі байқалып, мыңдаған адам есепке алынып жатқанына қарамастан, материалдық-техникалық базаның халі мүшкіл. Мәселен, соңғы 4 жылдың ішінде өңірдегі онкологиялық орталыққа қайрылатын науқастар саны 3 есеге артқан. Клиника аумағында орын тапшылығынан 3 теңіз контейнері орнатылып, науқастарды қабылдау мен тексеру сол темір жәшіктердің ішінде жүргізіліп жатыр. Науқастар ауа баптағышсыз және 2 сағаттан астам уақыт бойы жанды кезекте тұруға мәжбүр. Ақ жағалылардың «бәрі де халық үшін» деген құрғақ уәдесі су кешпей, қарапайым халықтың сорына айналып отырғаны ащы да болса шындық. 

Ал енді осы сұмдықтың арғы жағына үңіліп, мәселенің тамырын қазсақ, қаржының жоқтығынан емес, оның оңды-солды шашылуынан екенін ұғамыз. Жыл сайын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» халықтың қалтасынан жүздеген миллиард теңге құйылып жатыр. Мәселен, саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп, қор бюджеті 2,5 триллион теңгеден асып жығылғанымен, бұқара көретін игілік шамалы. Қорға түскен ақшаның бір бөлігін қымқырып, бармақ басты, көз қыстыға салынған сыбайлас жемқорлардың бірінен кейін бірі тұтқындалып жатқаны да тегіннен-тегін емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректеріне сүйенсек, денсаулық сақтау саласында бармақ бастылық пен жалған құжат жасау арқылы миллиардтаған қаржыны қалтаға басу әдетке айналған. Істелмеген медициналық қызметтерді қағаз жүзінде «орындалды» деп көрсетіп, қордан ақша сорып отырғандардың кесірінен қарапайым науқастар контейнер торып, суық темірдің ішінде бүрсеңдеп отыруға мәжбүр.
Осылайша, жүйедегі бармақ бастылықтың салдары қарапайым халықтың мойнына ауыр жүк болып артылуда. 

Қаржылық мониторинг агенттігі ӘМСҚ жүйесіндегі алаяқтық деректері бойынша 36 қылмыстық істі тергеп жатыр. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 3,5 миллиард теңгеден асты. Схемалар арқылы 140 мыңға жуық азамат медициналық ұйымдарға тіркелген деп өтірік көрсетілген. Тек соңғы тексерістерде 4,5 мыңнан астам іс жүзінде көрсетілмеген емдеу қызметтері анықталған. Бұл мақсатта тіпті кәмелетке толмаған балалардың дербес деректері пайдаланылған.

Ел қазынасынан бөлінген қаржы тесік шелекке құйған судай құрдымға кетіп жатқанда, емдеу мекемелерінің жай-күйі мүлдем қараусыз қалды. Мемлекеттік аудиторлардың тексерістері барысында медициналық ұйымдарға тиесілі жүздеген миллиард теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны және қаржылық заңбұзушылықтардың орын алғаны белгілі болды. Осындай сорақылықтарды көргенде, «ауруын жасырған өледі» демекші, саладағы қордаланған түйткілдерді жылы жауып қоя салуға енді болмайтынын түсінесің. Онкологиялық дертпен күрес уақыт создырмайтын, әрбір секунды алтынға бергісіз процесс екенін ескерсек, темір контейнерде ем алып жатқан науқастардың тағдыры ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс.
Аурухананың жаңа ғимаратын салып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің орнына, уақытша амалдармен халықтың аузын жабуға тырысу – барып тұрған көзбояушылық. Саулығымызды сақтайды деп сенім артқан қордың қаржысы талан-таражға түсіп, жауапты лауазымды тұлғалар майлы шелпектен үлес алып жатқанда, медицинамыздың сиқы осылай контейнердің деңгейінде қала бермек. Егер бұл мәселеге түбегейлі бетбұрыс жасалып, қаржының жұмсалуы ашық әрі қатаң бақылауға алынбаса, халықтың сенім білдіріп төлеген жарнасы кейбір шенеуніктердің қалтасын қалыңдатқаннан басқа ештеңеге де септігін тигізбейді. Сондықтан құзырлы органдар тек ақша ұрлағандарды ұстап қана қоймай, медициналық инфрақұрылымды адам танымастай өзгертіп, онкологиялық орталықтағы сапасыз жағдайды дереу ретке келтіруге тиіс.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.