Алматы биыл халықаралық спорт орталықтарының біріне айналмақ. Қалада жыл соңына дейін әлемдік деңгейдегі 35 халықаралық жарыс өтеді. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты қолжетімді ету және жас спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен спорт саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында спорт резервін даярлау, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және халықаралық жарыстарды өткізуге дайындық барысы талқыланды.

Қалалық Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлының айтуынша, бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Алматының 2 544 спортшысы бар. Бұл – ұлттық құраманың әрбір төртінші мүшесі алматылық екенін көрсетеді.
Жыл басынан бері алматылық спортшылар 2 230 медаль жеңіп алды. Оның ішінде әлем чемпионаттарында – 60, Азия чемпионаттарында – 105, Қазақстан чемпионаттарында – 2 065 медаль бар. Биыл қала спортшылары спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңдерінде және стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жеңістерге қол жеткізді. Сонымен қатар бірқатар спорт түрінен тарихи нәтижелер тіркелді.
Спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау да күшейтілген. Ай сайынғы ақшалай қамсыздандыру алатын спортшылар саны 244-тен 925-ке, ал жаттықтырушылар саны 28-ден 341-ге дейін өсті. Қолдау жүйесі жасөспірімдер, жастар, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт өкілдерін де қамтиды. Бұдан бөлек, 200-ден астам жетекші спортшы тереңдетілген ғылыми-медициналық тексеруден өтті.

Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында ALMATY MOVE, «Спорт – Достық алаңы», Студенттік спорт лигасы, Балалар футбол лигасы жобалары және тегін жаттығулар ұйымдастырылып келеді. Биыл өткен ірі спорттық іс-шараларға 40 мыңнан астам адам қатысты. Жыл соңына дейін Алматының барлық ауданында 2 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Алматы биыл 35 халықаралық жарысты қабылдауға дайындалуда. Олардың қатарында Almaty Marathon, ATP 250 Almaty Open, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, WTT Youth Contender Almaty, FIBA Азия кубогының іріктеу ойындары және FIDE ұйымдастыратын университеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатының финалы бар.
Кеңес қорытындысында Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды, оның тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыруды, балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беруді және спортшыларды халықаралық жарыстарға сапалы даярлауды тапсырды. Сонымен қатар қаладағы қолданыстағы спорт нысандарын тиімді пайдалану және барлық ауданда тегін спорттық жаттығулардың санын көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.