Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету үшін ядролық энергетиканы дамытудың маңызын атап өтті. Президент алғашқы АЭС-пен шектелмей, екінші, тіпті үшінші станцияның құрылысын қазірден жоспарлау қажеттігін айтты.
«Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы. Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба “Росатоммен” бірге жүзеге аса бастады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші АЭС құрылысын қазірден бастап жоспарлауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жаңа АЭС-тің атауы мен құрылысына қатысты нақты түсініктеме берді.
«Оның атауына қатысты тиісті өлшемшартты айқындадық. Бұл тұрғыда тарихи әрі имидждік маңыздылығы ескеріледі. АЭС атауы тарихи-мәдени мұраны қамтиды», – деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, АЭС құрылысы аясында Алматы облысындағы Үлкен ауылында алаң әзірленіп, жобалау және сынама алу жұмыстары басталған.
«Стандарт бойынша бұл жұмыстар екі жылдан кем емес уақыт бойы жүзеге асырылады. Жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіледі. Осыдан кейін оның бәрі тиісті мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысты бастауға рұқсат алуы керек. Сондықтан екі жыл уақыт қажет. Қазір Қазақстан мен Ресейдің қаржы министрліктері мемлекетаралық несиені алуда белсенді келіссөз жүргізіп жатыр», – деді агенттік басшысы.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жобалау мен құрылысты ескере отырып, орташа есеппен жаңа АЭС 10–12 жылдан кейін пайдалануға берілуі мүмкін.