Бұрын "Оператор РОП" атауымен жұмыс істеген "Greens development" АҚ мемлекеттік "Жасыл даму" компаниясына қосылады. Қайта ұйымдастыру аяқталғаннан кейін компания жеке заңды тұлға ретінде қызметін тоқтатады.
Бұл процесс Үкіметтің 2026 жылғы 22 шілдедегі №647 қаулысымен бекітілген. Құжатта "Жасыл даму" АҚ-ны оған "Greens development" АҚ-ны қосу арқылы қайта ұйымдастыру көзделген.
Кейін, 25 қыркүйекте, "Greens development"-тің жалғыз акционері де осы қайта ұйымдастыруды жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы ақпарат Қаржылық есептілік депозитарийіндегі құжатта жарияланған.
"Greens development" акционерлік қоғамы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына қосылу арқылы қайта ұйымдастырылсын", – делінген шешімде.
Қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу "Жасыл даму" басқармасы мен "Greens development" бас директорына жүктелген.
Бұрынғы "Оператор РОП" 2026 жылы акционерлік қоғам болып қайта құрылып, атауын "Greens development" деп өзгерткен. Компанияның жалғыз акционері – мемлекеттік "Жасыл даму" АҚ.
"Оператор РОП" өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіріп, соның ішінде автокөліктерге салынатын утильалымды жинаумен айналысқан. Forbes Kazakhstan компанияны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның бизнесімен байланыстырған.
2022 жылғы қаңтарда мемлекет утильалым жүйесін қайта құрды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл функцияны мемлекеттік ұйым атқаруы керектігін айтқаннан кейін, 18 қаңтарда Үкімет "Жасыл даму" АҚ-ны өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің жаңа операторы ретінде белгіледі.
Сол қаулымен "Оператор РОП"-тың 100 пайыздық үлесі жеке меншіктен республикалық меншікке қабылданды. Оның утильалымды әкімшілендіру және тиісті қаражатты басқару функциялары тоқтатылды.
Forbes Kazakhstan дерегінше, 2016 жылғы қаңтардан 2024 жылғы наурызға дейін Қазақстанда утильалым бойынша шамамен 1,2 трлн теңге төленген. Оның 691 млрд теңгесі бұрынғы "Оператор РОП" жұмыс істеген кезеңге тиесілі.
Қайта ұйымдастыру аяқталған соң "Greens development" жеке заңды тұлға ретінде жұмысын тоқтатып, оның құқықтары мен міндеттері "Жасыл даму" АҚ-ға өтеді.