Журналист Ербол Мәндібек алимент тақырыбына қатысты ой қозғап, желі қолданушыларының назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Facebook-тегі парақшасында бұрын-соңды естімеген дерекпен бөлісіп, алимент төлеп өскен балалардың қартайған әкесін бағуға міндеттелуі мүмкін екенін жазды.
«Бұл жаңалықты алғаш рет естіп отырмын. Алиментпен өскен бала әкесі қартайғанда оны бағуға міндетті екен. Кеше қонақта отырып осы әңгімені естідім», – деп бастады ол жазбасын.
Журналист келтірген мысалға сүйенсек, бір азамат жастай ажырасып, балалары кәмелетке толғанға дейін алиментті үзбей төлеп келген. Уақыт өте келе зейнет жасына жетіп, тұрмысы қиындаған. Ал кейінгі жас жары (тоқалы) оны тастап кеткен.
«Сонда әлгі кісі балаларын есіне алып, “осылар өскенше алимент төлеп мен бақтым, енді мені өздері бақсын” деген ойға келеді», – деп жазады Ербол Мәндібек.
Осыдан кейін әлгі азамат балаларына қарсы сотқа арыз берген. Журналистің айтуынша, нақты мәлімет болмаса да, сот шешімімен балалар әкесін бағуға міндеттелген көрінеді.