Швейцарияда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева директорлар кеңесінің құрамында болған Kerfuffle AG компаниясы ресми түрде таратылды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Выход к морю" Telegram-арнасы компанияның 2026 жылғы маусымда Швейцарияның заңды тұлғалар тізілімінен шығарылғанын жазған.
Әлия Назарбаева Kerfuffle AG директорлар кеңесінің құрамында 2016 жылдан 2024 жылға дейін болған. Компания оның шетелдегі ықтимал бизнес жобалары туралы журналистік зерттеулерде бірнеше рет аталған.
Цюрих көлінің жағасында VIP-клиника салу жоспарланған
2022 жылы швейцариялық Tages-Anzeiger басылымы Әлия Назарбаеваның Цюрих көлінің жағасында ауқатты клиенттерге арналған жеке медициналық клиника салуды жоспарлағаны туралы зерттеу жариялаған.
Материалда Kerfuffle AG компаниясының да аты аталған. Жоба аясында тікұшақ алаңы бар кешен тұрғызу, ал пациенттерді Цюрих әуежайынан тікұшақпен жеткізу көзделгені жазылған.
Клиника құрылысының болжамды құны 350 миллион швейцариялық франк болған.
Жобаны жүзеге асыруға ауқатты клиенттердің активтерін басқарумен айналысқан ирландиялық заңгер Томас Джон Галлахер қатысуы тиіс еді. Ол 2009 жылдан бері Kerfuffle AG директорлар кеңесін басқарған. Әлия Назарбаева компания басшылығында болған кезде Галлахер президент қызметін атқарған.
Жарияланған деректерде заңгер жобаның қаржыландырылуын Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы қамтамасыз ететінін айтқаны көрсетілген.
Компания басқа қаржылық құрылымдармен байланыстырылған
Томас Галлахер арқылы Kerfuffle AG компаниясының Effective Capital GmbH инвестициялық қорымен және бұрын ВТБ басшысы Андрей Костиннің командасында жұмыс істеген ресейлік банкир Андрей Серебряковпен байланысы болғаны хабарланған.
2018 жылдан бастап жобаға Қазақстан тарапынан қатысу тоқтатылған. Соған қарамастан клиника құрылысына қатысты жұмыстар тағы екі жылдай жалғасқан.
Кейін жоба қаржылық дауға ұласқан.
Кардиологтың өлімінен кейін дау күшейген
2021 жылғы мамырда жобаны жүзеге асыруға қатысқан 65 жастағы швейцариялық кардиолог өз-өзіне қол жұмсаған. БАҚ мәліметінше, ол қарыздарын өтеу үшін аукционға қойылғалы тұрған, құны 5,87 миллион франк болатын үйін өртеп жіберген.
Дәрігерден ақша талап еткен кредиторлардың бірі Kerfuffle AG компаниясы болған.
Швейцариялық басылымдардың жазуынша, Kerfuffle AG арқылы шамамен 900 мың франк өткен. Бұл операцияларды Томас Галлахер бақылаған. Кейін компания аталған соманы кардиологтан өндіріп алуды талап еткен.
Осы оқиғадан кейін Цюрих көлінің жағасында клиника салу жобасы тоқтап қалған болуы мүмкін.
Компания 2026 жылы толық таратылды
Әлия Назарбаева Kerfuffle AG директорлар кеңесінің құрамында 2024 жылғы 27 қарашаға дейін болған. Сол күні компанияның қызметін тоқтату рәсімі басталған.
Ал 2026 жылғы 8 маусымда Kerfuffle AG толық таратылып, Швейцарияның заңды тұлғалар тізілімінен шығарылған.