Жаңалықтар

Алғашқы "дроппер" Алматы облысынан шықты

Алғашқы "дроппер" Алматы облысынан шықты
Фото: ашық дереккөздерден

Прокуратура қаржы алаяқтығына қатысты қылмыс барысын тергеп, елімізде алғаш рет «дропперлік» әрекет бойынша іс қозғады.

Жалпы, елімізде «дропперлік» әрекеттің қылмыстық жауапкершілікке жатқызылғаны кеше ғана еді, айтып ауыз жиғанша заң бұзу әрекеті анықталды. Яғни, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер бойынша биылғы 16 - қыркүйектен бастап банктегі есеп-шоттары мен картасын өзге адамға пайдалануға берген жеке тұлғаның әрекеті «дропперлік» деп саналатын болған. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 232 бабының 1- тармағы бойынша іс қозғалып, кінәсі дәлелденген адам қатаң жазаланады.

- Алматы облысының прокуратурасы «дропперлік» әрекеті үшін жаңа «дропперлік» бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Тексеру барысында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғынының алаяқтарға ұрланған қаражатты аударуға делдал болғаны белгілі болды. Әйел адам OLX сайтындағы “онлайн-төлемдер операторы” туралы жалған хабарландыруға алданып, өз банк картасын қылмыскерлерге пайдалануға берген, - деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Күдіктінің есеп - шотына қыркүйек айынан бастап 2 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Оның 5 пайызын әйел «комиссия» ретінде қалдырып отырған. Қалған қаражат алаяқтардың есепшоттарына аударылған.

Прокуратура өкілдері бұл әрекеттің алаяқтар жиі қолданатын схема екенін айтады. "Олар ұрланған ақшаны қолма-қол ету үшін өз шоттарын пайдалануға дайын адамдарды іздейді. Енді заң мұндай «дропперлерге» де, олардың іс әрекеттерін ұйымдастыратындарға да қатаң жаза белгілейді" дейді тергеушілер.

Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізілуде.

Еске салайық, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап «дропперлік» әрекет қылмыстық жауаптылыққа жатады. Жауапкершілікке тек өз реквизиттерін бөтен адамдарға беретіндер ғана емес, сондай-ақ өзгенің банк карталарын сатып алатын немесе пайдаланатын адамдар да тартылады.

- «Дропперлік» әрекет, яғни басқа тұлғалардың шоттарын қылмыстық мақсатта басқаруға алғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі, - дейді прокуратура өкілдері.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz