KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Алғашқы жол апаты”: Электросамокат тізгіндеген 54 жасар кісі көз жұмды

Айжан Сыланова
Фото:Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Алматыда электросамокат тізгіндеген 54 жастағы ер адам жол апатынан көз жұмды. Оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында болған, деп хабарлайды kznews.kz

Қалалық полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, ер адам өзімен бір бағытта келе жатқан көлікті басып озбақ болған кезде самокатты басқара алмай, құлап қалған.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері келгенімен, ер адам алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды.

Жол-көлік оқиғасы бейнебақылау камералары мен өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған. Кадрларда ер адамның құлаған сәті және басындағы қорғаныш дулығасының ұшып кеткені көрінеді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полиция апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 96 адам түрлі жарақат алған.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →