KZNEWS.KZ
Сараптама

Алғашқы АЭС: НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

Фото: ашық дереккөздерден

Биылғы 3-қыркүйекте "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясы мен Ресейдің "Атомстройэкспорт" компаниясы жобалау, жабдық жеткізу және құрылыс жөніндегі келісімшартқа қол қойған болатын.

Жалпы, АЭС салу бастамасы 2024 жылғы 6-қазанда өткен республикалық референдумда қолдау тапқан. 2025 жылғы 14 маусымда жобаны жүзеге асыратын халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде Ресейдің "Росатом" корпорациясы таңдалды. Одан кейін, 28-мамырда Қазақстан мен Ресей жобаны қаржыландыруға қатысты үкіметаралық келісімге қол қойды.

МАГАТЭ миссия деген не?

Ал осы күндері Астанада МАГАТЭ сарапшылары Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын бағалауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Яғни, бұл маңызды жобаға қатысты басталған МАГАТЭ миссиясы нені білдіреді? 

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 12–15 қазандағы миссия Қазақстанға ядролық инфрақұрылымның өзіндік бағалау есебін әзірлеуге және МАГАТЭ-нің INIR кешенді шолуына дайындалуға көмектеседі екен. Сарапшылар заңнама, ядролық қауіпсіздік, қаржыландыру, мамандар даярлау және электр желілерінің дайындығын қоса алғанда, 19 бағытты қарастырады.

Әлбетте, бұл миссияны АЭС құрылысына берілген түпкілікті рұқсат деп түсінуге болмайды. Оның мақсаты елдің атом энергетикасын қауіпсіз дамытуға қаншалықты дайын екенін бағалау болып отыр. Сондықтан негізгі нәтиже миссияның өтуімен емес, оның қорытындысы бойынша анықталған мәселелердің қалай шешілетінімен өлшенеді.

АЭС салуға неге мүдделіміз?

Айтпақшы, Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы жанынан салынатын станцияның жобалық қуаты 2400 МВт болады деп жоспарланған. Жобаның құны шамамен 16,4–16,5 млрд доллар деп бағаланады. Reuters агенттігінің мәліметінше, алғашқы энергоблокты 2034 жылы іске қосу көзделген еді.

Жалпы, АЭС салынуын жеделдетуге еліміз мүдделі. Өйткені, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр энергиясына сұраныс өсіп келеді. Өнеркәсіптің дамуы, қалалардың кеңеюі және халық санының артуы жаңа генерация қуаттарына қажеттілікті күшейткен үстіне күшейтіп келеді. Мысалы, биылғы 14-тамызда Оңтүстік өңірдегі энергетикалық жүйеде болған технологиялық ақау кезінде электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт-қа жетті. Бұл оқиға оңтүстіктің энергетикалық жүйесіндегі осал тұстарды көрсетті.

Яғни, қуаты 2400 МВт болатын АЭС өңірдің энергия теңгерімін жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ, станция электр желілерін жаңғырту, қосалқы станцияларды күшейту және резервтік қуаттарды дамыту қажеттілігін жоймайды. Жаңа энергияны өндірумен қатар, оны тұтынушыларға сенімді жеткізу де маңызды мәселе болып қала береді.

"Росатом" санкция тәуекелінен сақтандырылған ба?

Тоқетерін айтқанда, Қазақстанның алғашқы АЭС жобасы келісімшарт жасасу кезеңінен іске асыруға дайындық кезеңіне өтті. Ендігі міндет құрылыстың мерзімі мен құнын бақылау, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санкциялық тәуекелдерді басқару және ұлттық мамандар даярлау болмақ.

Санкция демекші, алғашқы АЭС жобасын басқару тізгінінің "Росатом" компаниясына берілуі ел ішінде алып-қашпа әңгімеге арқау болғаны рас. Дегенмен, жобаға Ресейдің жетекшілік етуі енді талқылауға жатпайды. Екіншіден, қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредиті қарастырылған. Бірақ, жобаның толық экономикалық тиімділігін бағалау үшін кредиттің нақты шарттары, өтеу мерзімі, пайыздық мөлшерлемесі және электр энергиясының болашақтағы өзіндік құны туралы ашық айтылуы тиіс елі. Өкінішке қарай, ол туралы жауапты тараптар нақты ақпаратты әлі жариялаған жоқ.

Үшіншіден, санкциялар тәуекелі туралы да анықтайтын мәселе бар. Мысалы, Ұлыбританияның Ресейдің атом энергетикасы саласындағы жекелеген ұйымдарға енгізген шектеулері халықаралық төлемдер мен жабдық жеткізуге қатысты тәуекелдерді күшейтуі мүмкін. Дегенмен, бұл "Росатомның" барлық құрылымына бірдей санкция салынды немесе Қазақстандағы АЭС құрылысына тыйым салынды дегенді білдірмейді екен. Яғни, жобаға санкциялардың нақты әсер еткені туралы расталған мәлімет те жоқ.

Қысқасы, Қазақстан үшін келісімшарттағы міндеттемелерді орындаумен қатар, қаржыландыру мен жабдық жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала бермек.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →