Жиырмасыншы маусымда әлем Дүниежүзілік босқындар күнін атап өтеді. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2000 жылы жариялаған.
Бұл шешім 1969 жылдан бері аталып келген Африка босқындарының халықаралық күніне байланысты қабылданған болатын. Аталған күннің мақсаты соғыс, қақтығыс, қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық немесе табиғи апаттар салдарынан туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдардың жағдайына әлем назарын аудару болып отыр.
БҰҰ мәліметінше, соңғы жылдары әлемдегі босқындар саны рекордтық деңгейге жетті. Өткен жылы әлем бойынша өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдар саны 100 миллионнан асты. Бұл қазіргі заман тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды.
Жалпы, Қазақстан да босқындарды қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді мойындаған мемлекеттердің бірі. Еліміз 1951 жылғы Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға және оның 1967 жылғы хаттамасына қосылған. Қазақстанда босқын мәртебесін беру мен қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптасқан.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының дерегінше, 2025 жылдың басында Қазақстанда 646 босқын мен баспана іздеуші ресми тіркелген екен. Олардың басым бөлігі Ауғанстан мен Украина азаматтары. Сонымен қатар, елде азаматтығы жоқ 7 800 адамның жүргені анықталған көрінеді.