Әлем

Әлемде алғаш рет арбаға таңылған әйел ғарышқа ұшып, 10 минуттан кейін жерге оралды

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Әлемде алғаш рет арбаға таңылған әйел ғарышқа ұшып, 10 минуттан кейін жерге оралды
Reuters

Халықаралық деңгейде ғарыш кеңістігінің шекарасы ретінде мойындалған Карман сызығынан алғаш рет мүгедектер арбасындағы адам өтті. Германияның 33 жастағы азаматы Михаэла (Мичи) Бентхаус Blue Origin компаниясының New Shepard бағдарламасы аясында ғарышқа сапар шекті, деп хабарлайды kznews.kz.

BBC мәліметінше, 20 желтоқсанда Blue Origin 37-ші ұшуын сәтті жүзеге асырған. NS-37 миссиясы 2025 жылғы тоғызыншы ұшу болып отыр және 2026 жылдан бастап New Shepard рейстерінің санын арттыруға жол ашады.

New Shepard бағдарламасының аға вице-президенті Фил Джойстың айтуынша, бұл миссия ғарышқа ұша алатын адамдар ауқымының кеңейгенін айқын көрсетеді. Оның сөзінше, бұл сапар ғарыштың тек санаулы жандарға ғана емес, барша адамға қолжетімді екенін дәлелдеді.

Айта кетейік, New Shepard кемесін жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері ескерілген. Аппарат толықтай автономды режимде жұмыс істейді және ұшыру алаңы арнайы лифтпен жабдықталған.

Аэроғарыштық техника және мехатроника саласының инженері, Еуропалық ғарыш агенттігі қызметкері Михаэла Бентхаус ғылыми қызметін ғаламаралық зерттеулерді дамытуға бағыттаған. 2018 жылы тау велосипедімен серуендеу кезінде ауыр апатқа ұшырап, жұлын жарақатын алғанына қарамастан, ол белсенді өмір салтын жалғастырып келеді. Қазір арбадағы тенниспен де айналысады.

Ұшу штаттық режимде өтіп, 10 минут 26 секундқа созылған. Экипаж отырған капсула Жер бетінен 106 шақырым, ал теңіз деңгейінен 107 шақырым биіктікке дейін көтерілген.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz