Алматы қаласының Алатау ауданында биыл 17 мың ағаш қырқылып, 38 мың шаршы метр жерге көгал төселеді.
Алматының Алатау ауданында санитарлық тазалық, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында шағын аудандарды тазалауға, ағаштарды қырқуға, балалар алаңдарын сырлауға және қоғамдық аумақтарды қалпына келтіруге көңіл бөлінген. Атқарылып жатқан жұмыс туралы аудан әкімі Данияр Қырықбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Аудандағы тазалық жұмысына 111 арнаулы техника мен 260 жұмысшы жұмылдырылған. Күнделікті күтіммен 730 көше, 300 шақырым арық желісі, 60 шақырым өзен арнасы және 54 шақырым габионды канал қамтылған.

Қалдықтарды жинау жүйесі де жаңартылып жатыр. 2025 жылы ескі үлгідегі 255 қоқыс контейнері пластик контейнерлерге ауыстырылды. Бұған қоса, қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы 73 жерасты контейнерін орнатты.
Аудан әкімінің айтуынша, Алатауда 145 жасыл аумақ бар. Олардың қатарында 25 саябақ пен жаяу жүргіншілер аймағы, 119 балалар және спорт алаңы, сондай-ақ бір бульвар бар. Бұл аумақтарды күтіп ұстауға 11 компания мен 260 жұмысшы тартылған.
Биыл ауданда 17 мың ағашты қырқу және 38 мың шаршы метр жерге көгал төсеу жоспарланған. Жасыл желекті суару үшін 85 аумақта механикалық жүйе қолданылады. Олардың жалпы ауданы — 96,3 гектар, жұмысқа 29 техника жұмылдырылған. Тағы 18 аумақтағы 25 гектар жер автоматты жүйе арқылы суарылады. Биыл осы жүйені кеңейту үшін қосымша 28,2 шақырым суару желісін тарту басталды.