Жаңалықтар

Алаяқтар WhatsApp-ты бұзудың жаңа жолын тапты: Қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасалды

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Алаяқтар WhatsApp-ты бұзудың жаңа жолын тапты: Қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасалды
Polisia.kz

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке қарасты Бас прокуратураның қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқауіптің пайда болғаны туралы ескертті, деп хабарлайды kznews.kz.

Polisia.kz жазуынша, кибералаяқтар "GhostPairing" деп аталатын жаңа схема ойлап тапқан. Бұл әдіс парольді бұзуды, SIM-картаны ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Қаскөйлер WhatsApp-тағы қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын заңды түрде пайдалану арқылы аккаунтқа қол жеткізеді.

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі

Сценарий өте қарапайым: пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жіберілгендей болып көрінетін хабарлама келеді. Ол хабарлама жалған сайтқа бағыттайды, ал сайттың сыртқы келбеті аталған сервистердің интерфейсін айна-қатесіз көшіреді. Қолданушыдан "контентке қол жеткізу үшін" телефон нөмірі мен растау кодын енгізу сұралады.

"Осыдан кейін алаяқ автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылады да, WhatsApp-тағы барлық деректерге – хабарламаларды оқу, медиафайлдар мен байланыстарды көру, хабарлама жіберу және фотогалереяға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте жәбірленушінің телефоны қалыпты режимде жұмыс істей береді және күдік тудырмайды", – делінген хабарламада.

Аккаунт бұзылғанын қалай анықтауға болады?

WhatsApp аккаунтының бұзылғанын анықтаудың жалғыз жолы – "Байланыстырылған құрылғылар" (Связанные устройства) бөлімін қолмен тексеру. Онда белгісіз құрылғы көрінсе, бұл аккаунттың қауіпке ұшырағанын білдіреді және мұндай қосылымды дереу өшіру қажет.

Ал құқық қорғау органдары азаматтарды киберқауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz