KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

• Азамат Қойшығара

Үкімет басшысы Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты мен жүнді терең өңдейтін KazFeltec кәсіпорнында болып, өндірісті кеңейту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысын тексерді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің мәліметінше, биылғы 10 айда өңірдің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асып, 8,2%-ға өскен. Ал тікелей шетелдік инвестициялар екі есеге артып, 357,2 млн долларға жеткен.

Қазір өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар 400 млрд теңге инвестиция тартуға және 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылуда.

Сапар барысында Премьер-министр «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-ның өндірістік цехтарын аралады. Кәсіпорынды дамытуға 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Жылына 100–120 мың тонна өнім өндіретін зауыт мұнай-газ саласына қажетті құбырлар, арматуралар, ысырмалар және басқа да жабдықтар шығарады.

Биылғы тоғыз айда шегендеу құбырларының өндірісі 31,4%-ға өсіп, 14,1 мың тоннаға жеткен. Ал өзге мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының өндірісі 7,4 мың тоннаға дейін ұлғайған.

Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2027 жылы 700 млн теңгеге жаңа цех іске қосылмақ. Бұдан бөлек, 2 млрд теңге инвестиция құйылатын металл дайындамалар мен бөлшектер өндіретін зауыт салу жобасы пысықталуда.

Үкімет басшысы KazFeltec кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Жүнді терең өңдеуге маманданған зауыт 2025 жылы іске қосылған. Жобаға 5,3 млрд теңге инвестиция салынып, 50 жұмыс орны ашылған.

Кәсіпорын жылына 3,6 мың тоннаға дейін жүн өңдеп, 2,2 мың тонна дайын өнім шығара алады. Мұнда табиғи қой жүнінен құрылыс пен жиһаз өндірісіне қажетті жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар жасалады.

Зауыт шикізатты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан сатып алады. Қазір дайын өнім ішкі нарықта сатылып жатыр. Алдағы уақытта экспортқа шығару жоспарланған.

– Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысының әкімдігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірісті кеңейтуге, шикізатты қайта өңдеуді тереңдетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, инвесторларға қажетті жәрдем көрсетуді және өндірістік қуаттарды іске қосу мерзімдерін сақтауды тапсырды, – делінген Үкімет ақпаратында.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, биылғы 10 айда еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,3%-ға өскен. Жыл басынан бері жалпы құны 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылған.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →