Актер Дархан Мұсаев әлеуметтік желіде әкесінің дүниеден өткенін хабарлап, көпшілікті толқытқан жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұл күннің өзі үшін өміріндегі ең ауыр сәттердің бірі екенін айтып, оқырмандарынан марқұмның рухына дұға бағыштауды өтінді.
"Әкем бұл дүниемен қоштасты. Бұл қасіретті сөзді жазудың өзі қандай ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Артымнан тірек болған, ақылын айтып, дұғасымен қорғап жүрген асқар тауымнан айырылдым. Алланың жазуына разымыз. "Расында, біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз", – деп жазды Дархан Мұсаев.
Сондай-ақ актер әкесіне арнап жүрекжарды тілегін жеткізіп, жұртшылықтан дұға жасауды сұрады.
"Баршаңыздан әкемнің рухына дұға бағыштауларыңызды сұраймын. Алла Тағала күнәларын кешіріп, қабірін кең етіп, нұрға бөлесін. Жәннаттың ең жоғары дәрежелерінен орын нәсіп етсін. Әке, Алла сізді рақымына бөлесін. Сізді ешқашан ұмытпаймыз", – деді ол.
Желі қолданушылары мен әріптестері актердің жазбасына көңіл айтып, марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болуын тіледі.