Ақтауда бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаланың 11 аумағын су басты. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Жұмыстар 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, 31-шағынаудандағы «Хазар» базары маңында, сондай-ақ 29 және 29А, 13 және 15, 11 және 14-шағынаудандар арасында жүргізілген.
Су сору жұмыстарына коммуналдық қызметтермен қатар төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйым өкілдері тартылды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жолдарды күтіп ұстауға жауапты Green City Aktau компаниясының басшысын сынға алып, су басқан аумақтарды тазарту үшін техника санын көбейтіп, қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.
«Су басқан жерлерді тазарту үшін жеке кәсіпкерлерді де тартыңыздар. Қазірден бастап техниканың санын көбейтіңіздер», – деді ол.
Әкімдік мәліметінше, қалада суды сорып шығару және жолдарды ретке келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Сонымен қатар 8 қарашада Маңғыстау облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде нөсер күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Тұрғындарға сақтық шараларын сақтап, аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпау ескертілді.