KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Әкемнен қорлық көріп келем”: Шымкенттің экс-депутатының қызы Тоқаевтан көмек сұрады

• Айжан Сыланова
Фото: Alash.kz

Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлының 14 жастағы қызы Қасиет Әмет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, отбасындағы ұзақ жылдарға созылған жанжалға құқықтық баға беріп, өзінің және әпкесінің құқықтарын қорғауды сұрады, деп хабарлайды kznews.kz.

Жасөспірім Мемлекет басшысынан әкесін ДНҚ сараптамасынан өтуге міндеттеуді және отбасындағы дауға байланысты тиісті құқықтық шара қабылдауды сұрады.

«Әділетті Қазақстанда балалардың құқығын қорғауыңызды сұраймын. Менің аты-жөнім — Қасиет Әмет, тоғызыншы сынып оқушысымын. Менің әкем — Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлы», – деді ол.

Қасиеттің сөзінше, отбасындағы түсініспеушілік бірнеше жыл бойы шешімін таппай келеді. Ол бала кезінен психологиялық қысым көргенін айтып, өзінің және I топтағы мүгедектігі бар әпкесінің түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет барғанын мәлімдеді.

«Мен туған әкем тарапынан қорлық көрдім. Бізді бірнеше рет полиция бөліміне, сот залына және тергеушінің кабинетіне апарды», – деді жасөспірім.

Оның айтуынша, әкесінің талаптарының бірі – екі қызды балалар үйіне орналастыру болған.

Қасиет отбасының 2017 жылы Алматыға қоныс аударғанын айтты. Анасы қыздарын алып көшкеннен кейін, отбасы шамамен екі жыл бойы мемлекеттік қорғауындағы дағдарыс орталығында тұрған.

Жасөспірімнің айтуынша, бұл жағдайға байланысты анасы бұған дейін де бірнеше рет тиісті органдардан көмек сұраған. Отбасындағы жағдайға үлкен қызының денсаулығына қатысты мәселелер де әсер еткен.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →