Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заң екінші оқылымда қабылданды. Құжат бірінші оқылымда 2025 жылғы 19 қарашада мақұлданған болатын, деп хабарлайды kznews.kz.
Құжат еңбек қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге және еңбекті қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Келісу комиссиясының жұмысына делдал тарту, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін арақатынасты белгілеу, сондай-ақ өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту көзделген.
Заң жобасын талқылау барысында ұжымдық шарттарға еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде жәрдемақылар мен өтемақылар төлеу тәртібін енгізу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның ұйым басшысына тікелей бағыныстылығын белгілеу жөніндегі түзетулер қабылданды.
Сонымен қатар, Конституциялық Соттың қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің бала күтімі кезеңін еңбек өтіліне есептеу нормасы енгізілді.
Заң жобасының мазмұны кеңейтілуіне байланысты оның атауын өзгерту ұсынылып, жалпы отырыста енгізілген түзетулер қолдау тапты.