KZNews.kz
Саясат

Әке жолын қуған әкім-қаралар немесе Нәлібаев командасының қыр-сыры

Азамат Қойшығара
kznews.kz

Қызылорда облысы қазір көптің назарында. Бұл – қарама-қайшылығы мол өңір. Жуырда мұнда Президенттің қатысуымен Ұлттық Құрылтайдың отырысы өтті. Мемлекет басшысы аймақ басшылығының белсенді әрі нәтижелі жұмысын атап өтіп, өңірдің қарқынды дамып, тұрақты жағдайда екенін айтты. Құрғақ статистика деректерінің артында халқы 845 мыңнан асатын, жалпы өңірлік өнімі 3,1 триллион теңгеге жететін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұлғасы тұр, деп хабарлайды kznews.kz.

Рolitico.kz жазғандай, алайда кез келген саясаткер бір адамға мұндай ауқымды жүйені бақылауда ұстау оңай емес екенін жақсы біледі. Мұнда шешуші рөлді орынбасарлар мен аппарат атқарады. Біз облыс әкімі көмекшілерінің өмірбаянын зерделеп көрдік. Бір қызығы олардың көпшілігі мемлекеттік қызметке сондай бейім отбасыдан бастау алатын секілді. Мәселен, әкім командасы мүшелерінің әкелері кім болған?

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдан бастайық. 2022 жылдың наурызынан бері ол өңірді басқаруға қатысып қана қоймай, «Байқоңыр» кешені бойынша Президенттің арнайы өкілі қызметін де атқарады. Инженер-механик және заңгер мамандығын меңгерген, сондай-ақ Ресей халық шаруашылығы академиясында білім алған заманауи мемлекеттік қызметкер. Бұған дейін Қармақшы ауданын басқарған, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Ал оның әкесі Рзақұл Нұртаев инженерден бастап, облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өткен. Рзақұл Нұртаев та кезінде Қармақшы ауданын басқарған әрі Президенттің «Байқоңыр» бойынша арнайы өкілі болған. Яғни ұл әкесінің мансап жолын дәлме-дәл қайталап, сол қызметтік кабинеттерге отырғандай әсер қалдырады.

Облыс әкімінің тағы бір орынбасары Ардақ Зебешев қазіргі заманғы бағыттарға жауап береді. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Лондондағы Корольдік колледжді және Англиядағы бизнес мектебін тәмамдаған. 2024 жылдың ақпанында өңірге келгенге дейін Астанада еңбек етіп, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетін басқарған, «Самұрық-Қазына» құрылымдарында қызмет атқарған.

Оның әкесі Темірхан Зебешев 2016 жылдары техникалық интеллигенция мен ғылым саласының өкілі болған. «Қазақстан инжиниринг» орталығында департаментті басқарып, өндірістік инновациялармен айналысқан. Мұнда техникалық интеллигенция негізінде табысты дипломатиялық мансап қалыптасқан классикалық мысалды көруге болады.

2025 жылдың шілдесінен бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін Мейрамбек Шермағанбет атқарады. Ол еңбек жолын Жаңақорған ауданындағы ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін аудан әкімі аппаратының басшысы, облыстық білім басқармасының жетекшісі деңгейіне дейін көтерілген.

Оның әкесі Зинабдин Шермагамбетов те дәл осындай жолдан өткен. Ол да ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, директор, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, кейін Жаңақорған ауданы әкімінің бірінші орынбасары болған. Екеуі де әлеуметтік салаға өмірін арнаған. Зинабдин Шермагамбетов «Құрмет» орденімен марапатталған.

Әкім аппаратына келсек, мұнда да ұқсастықтар аз емес.

2024 жылдың тамызынан бері аппарат басшысы қызметін Әділхан Мұхамедьяров атқарады. Бұған дейін жеті жыл Президенттің Баспасөз қызметінде еңбек етіп, сарапшыдан сектор меңгерушісіне дейін көтерілген. Ұлы елорданың ақпараттық күн тәртібімен айналысқанда, әкесі Мереке Мұхамедьяров Солтүстік Қазақстан облысында мансап құрған. Қазір ол – Есіл ауданының әкімі. Бұған дейін Сергеевка қаласын басқарған, Петропавлда жетекші лауазымдар атқарған.

Аппарат басшысының орынбасары Ерлан Бакиров – заңгер әрі экономист. Антимонополиялық ведомствода жұмыс істеп, кейін әкімдік құрылымына ауысқан. Оның әкесі Әмірхан Бәкірұлы өңірге белгілі тұлға. Бұрын прокуратура қызметкері, ҰҚК полковнигі болған. 2000 жылдардың басында облыстық әкімдікте бөлім басқарған, тәртіптік кеңесті басқарған. Сонымен қатар ол – Мұстафа Шоқайдың тарихын зерттеуші әрі жазушы. Әкесінің құқық қорғау және мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесі ұлының мансабына ықпал еткені анық.

Командадағы ең жасының бірі – Дінмұхамед Ермеков. Ол 2025 жылдың көктемінде аппарат басшысының орынбасары болды. Жасы отыздан енді асқанымен, бірнеше министрлікте, Премьер-Министр Кеңсесінде және Президент Әкімшілігінде сарапшы болып жұмыс істеген.

Оның әкесі Жандарбек Далабаев – Алматы облысындағы ықпалды өңірлік саясаткерлердің бірі. Еңбек жолын шопанның көмекшісі болып бастап, Жамбыл ауданының әкіміне дейін көтерілген, білім басқармасын басқарған, 2018-2022 жылдары Қарасай ауданының әкімі болған.

Бұл өмірбаяндарды зерделей отырып, Нұрлыбек Нәлібаевтың командасы белгілі бір қағидатпен жасақталғандай әсер қалдырады. Әрбір негізгі басқарушының артында мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар әке тұлғасы тұр. Олар – бұрынғы әкімдер, күштік құрылым өкілдері немесе өз саласының еңбек сіңірген мамандары.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі де бұл сипатқа сай келеді. Оның отбасы да мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Оның туған ағасы – Қазақстан саясатының салмақты тұлғасы Бердібек Сапарбаев, есімі мен беделі бүкіл елге белгілі.

Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па оны оқырман өзі бағалайды. Алайда бір нәрсе анық: Қызылорда облысында басқарушылардың әулеттік дәстүрі қалыптасып жатқандай әсер бар. Тәжірибе мен лауазымдар тікелей мұра ретінде берілмесе де, сенімді отбасылық сабақтастық байқалады.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →