Атырау облысының Жангелдин ауылындағы қайғылы оқиғадан кейін ем қабылдап жатқан Ақбаян Мұқанғалиеваның жақындары оның бес баласына қатысты алаңдаушылық білдірді. Олар балалардың қамқорлығы бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасына берілуі мүмкін деп қауіптенеді.
Mgorod.kz басылымының жазуынша, қазір Ақбаянның төрт баласы «Шаңырақ» балалар ауылында, ал кенжесі сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр. Әйелдің өзі туысының үйінде тұрып, оңалту курсынан өтуде.
Жақындарының айтуынша, Ақбаянның жағдайында біршама ілгерілеу бар. Ол күнделікті тұрмыстағы кейбір жұмыстарды өздігінен атқарып, арнайы сабақтарға қатысып жүр. Дегенмен денсаулығын толық қалпына келтіру үшін әлі де мамандардың көмегі қажет.
«Ол өзіне күтім жасай алады, үй шаруасына көмектеседі. Ұсақ моториканы дамытуға арналған арнайы сабақтарға қатысып жүр. Бұл жаттығулар мидың жұмысына, ойлау қабілетіне және өз бетінше әрекет етуіне әсер етеді. Ақбаянға бірінші топтағы мүгедектік берілген, зейнетақы алады, бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Оған деменция диагнозы қойылған. Кей жағдайда әлі де көмек қажет. Балаларын ұмытқан жоқ, оларды қатты жақсы көреді. Біз оның балаларымен кездесіп тұруына жағдай жасауға тырысамыз», – дейді туысы.
Балалары қайын жұртының қамқорлығына өтуі мүмкін
Ақбаянның туыстарын ең алдымен бес баланың болашағы алаңдатады. Олар әйелдің сауығып, балаларымен қайта бірге тұруын қалайды.
Алайда Ақбаян сот арқылы әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайда, балалардың қамқорлығы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасына берілуі мүмкін деген қауіп бар.
Туыстарының мәліметінше, балалармен кездесуге аптасына бір рет рұқсат етіледі. Ал олардың әкесі жағынан атасы мен әжесі жұма сайын келіп тұрады.
«Олар белгіленген уақыттан бір сағат бұрын келіп алады. Соның салдарынан біз балаларға әрдайым кіре алмай қаламыз. Ақбаян олармен кездесіп қалады ма деп те алаңдаймыз. Дегенмен балалар болған жағдайға қарамастан атасы мен әжесін жақсы көреді», – дейді туысы.
Ақбаян жақындарының қаза тапқанын әлі білмейді
Туыстарының сөзінше, әйел ата-анасы, ағасы мен әпкесінің өмірден өткенінен әлі хабарсыз.
Ол кейде Жангелдин ауылына барып, туғандарымен кездескісі келетінін айтады. Мұндай кезде жақындары оның назарын басқа жаққа аударуға тырысады. Себебі қайғылы хабар әйелдің психологиялық жағдайына ауыр әсер етуі мүмкін деп қорқады.
Бұрынғы күйеуі туралы да сұрамайды. Туыстарының айтуынша, Ақбаян екеуінің ажырасқанын біледі.
Ата-анасынан қалған үй мәселесі шешілмеген
Қайғылы оқиғадан кейін Ақбаян ата-анасының үйіне жалғыз мұрагер болып қалған.
Жақындары бұл баспананы сатып, әйел мен балаларға басқа жерден жағдай жасауды жоспарлап отыр. Алайда мұраны рәсімдеу мәселесі қиындық туғызған.
«Біздің жалғыз тілегіміз – балалардың анасымен бірге өмір сүруі. Ол үйде олар тұра алмайды. Бірақ үйді сату үшін алдымен мұраны Ақбаянның атына рәсімдеу керек. Ол үшін болған жағдайдың бәрін айтуға тура келеді. Біз оның денсаулығына қатты алаңдаймыз. Ол енді ғана оңала бастады. Мұндай хабар оған ауыр соққы болуы мүмкін», – дейді жақыны.
Туыстары халықтан көмек сұрады
Қазіргі уақытта Ақбаянның емін жалғастыруға және оңалту шараларына қосымша қаражат қажет. Жақындары психологтар мен психотерапевтердің ақылы қызметіне жүгініп жүргенін жеткізді.
Отбасы қазақстандықтардан қаржылай қолдау сұрап, Ақбаянның денсаулығын қалпына келтіріп, балаларымен қайта қауышуына үміт артып отыр.
Еске салайық, Жангелдин ауылындағы төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев сотталған.
Әзірге бес баланы басқа адамдардың қамқорлығына беру жөнінде түпкілікті шешім қабылданғаны хабарланған жоқ. Бұл мәселе бойынша айтылған қауіп – Ақбаянның жақындарының алаңдаушылығы.