Бүгін Астанада кезекті қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы басталып кетті. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, шараның шымылдығын ашты.
АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Теодор Линг фактчекинг мәселесін қозғай отырып, бүгінгі күнге барша журналистке сәттілік тіледі.
Qazaqstan корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин ұлттық арна мобильді қосымшасының жүктеушілердің саны 500000-ға жеткенін жеткізді.
Міне, ресми бөлімнің қысқаша картинасы осындай. Екі минут өтпей жатып, І сессия өз жұмысын бастап кетті.

"Қазақ интернеті де намыстан жаралған", - деп сөзін бастаған саясаттанушы Айдос Сарымның Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы сөз қозғауы ұйқылы-ояу отырған әріптестеріміздің үстінен суық су құйғандай болды.
"Сын айтқан сайт жабылып қалатыны шындық қой, сосын кеп асыра мақтаймыз билікті", - деп қалды Сарым. Осы тұста Қазконтенттің су жаңа басшысы Думан Қожахметов оған қарсы шықты. Сөз дуэлінде ағасы інісінен басым түсті.

"ҚазАқпарат" ХАА бас директоры Асқар Умаров керісінше, Елбасының " Ұлы даланың жеті қыры" мақаласының жақсы оқылғанына ерекше назар аудартты. Ал Айдос Сарым болса, "аудиторияға не қажет екенін өзіміз білмейміз" деп мәселе-сұрақты төтесінен қойды.
Қазақ сайттарын ашқан азаматтар қазақ интернетінің намыстан жаралғанының ақиқат екенін баса айтты.. "Baribar.kz" сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай бұл пікірге қосыла кетті. 2013 жылы "Baribar" - намыстан дүниеге келген сайт екендігін айтқан Серікболдың Ерболы дәл қазіргі таңда сайттың екінші тынысы ашылып, жарнама арқылы қаражат таба алатын сайтқа айналғанын атап өтті. Форум жұмысы қыза түсті.
Жазира Байдалы