Талдықорғанда апелляциялық сот 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша шығарылған үкімге байланысты соңғы шешімін жариялап, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Kznews.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме беріп.
Апелляция кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды талап еткен. Ал сотталушының қорғаушысы, керісінше, жазаны жеңілдетуді сұрады.
"Менің қорғаудағы азаматымның әрекеттерін жеңілірек бапқа, қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөліміне қайта саралап, жаза тағайындауды сұраймын. Айыпталушының адам өлтіру ниеті болмағандықтан, өлім абайсызда орын алған", – деді адвокат Жанат Сарқытов.
Сот отырысында төрағалық еткен Айдын Жұрханов апелляция сатысында істі қосымша тергеуге қайтару қарастырылмайтынын айтты.
"Апелляциялық сот істі көрсетілген бап шеңберінде қарайды. Істің материалдары “Адам өлтіру” бабына толық сәйкес келеді", – деді сот төрағасы.
Сондай-ақ сот алқасы бұл бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін еске салып, айыпталушының бұрын сотты болмағанын ескергенін атап өтті. Нәтижесінде, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды. Бұдан бөлек, жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өндіру туралы шешім де сол күйі сақталды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылдың маусымында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында болған. Айзат Жұманованың қаза табуына байланысты күдікке ілінген күйеуі Айбар Жанболат ұсталып, қамауға алынған. Марқұмның туыстары оның 2 жасар қызының көзінше ұрып-соғылғанын, кейін далаға шығарып, аттың жалына байлап сүйрегенін айтқан.
Ал 2026 жылдың қаңтарында Талдықорған соты Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.