Англияға жұмысқа жіберемін деген әйел 5 млн теңгеден астам қаражатпен із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жамбыл облысының он тұрғыны шетелде жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамын деген алаяқтың құрбаны болды. Әйел олардан ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай кеткен.
Оқиға бір жыл бұрын басталған. Аса ауылының тұрғындары интернеттен Англиядағы жылыжайларда жұмыс істеу туралы хабарландыруға тап болған. Ұсынылған шарттар тартымды көрінген: саңырауқұлақ теру жұмысы және айына бір миллион теңгеден асатын жалақы.
Сенімге кірген тұрғындар келісімшарттарға қол қойып, жол шығындарын төлеу үшін несие алып, туыстарынан қарыз жинаған.
Алайда барлық қаражатты алған соң, делдал әйел ізім-ғайым жоғалған. Жәбірленушілердің айтуынша, олар жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам ақшаны аударған.

Зардап шеккендердің бірі Нұрғиса Ибрагимов шетелге шығу үмітімен бұрынғы жұмысынан кеткенін айтады. Қазір ол сегіз айдан бері жұмыссыз отыр және алған несиесін өтеуге мәжбүр.
Аталған дерек бойынша полиция сегіз ай бұрын қылмыстық іс қозғаған. Күдікті әйел халықаралық іздеуге жарияланған.
Дегенмен жәбірленушілер тергеу барысында нақты нәтиже болмай отырғанын алға тартады.