Әлемге әйгілі америкалық рэпер Канье Уэст араға 13 жыл салып Қазақстанға қайта келмек. Бұл жолы ол бұрынғыдай жоғары лауазымды әулеттің жабық тойында емес, Алматыдағы Орталық стадионда мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсетуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Канье Уэстің концерті 2026 жылғы 14 тамызға жоспарланған. Алматы әкімдігі алдағы шара туралы ақпаратты растады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концерт өтетін күн мен орын әзірге өзгерген жоқ. Билет сату "Қайрат" футбол клубымен туындаған мәселені талқылауға байланысты 20 шілдеден 21 шілде, сағат 12:00-ге ауыстырылды.
Бұл Канье Уэстің Қазақстанға алғашқы сапары емес. Рэпер 2013 жылғы 31 тамызда Алматыдағы бес жұлдызды Royal Tulip қонақүйінде өткен Айсұлтан Назарбаев пен Әлима Боранбаеваның үйлену тойында өнер көрсеткен. Сол кезде әлеуметтік желілерде жабық кештен түсірілген видео мен фотосуреттер тарап, оқиға Қазақстаннан тыс жерлерде де үлкен резонанс тудырды.
Шетелдік ақпарат құралдары Канье Уэстің тойдағы өнері үшін 3 миллион долларға дейін гонорар алғанын жазды. Алайда бұл сома ресми түрде расталмаған. Кейбір басылымдар рэпердің сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен келгенін де мәлімдеді, бірақ бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ.
Ол кезеңде Айсұлтан Назарбаев елдің бірінші президентінің көпшілікке жақсы таныс немерелерінің бірі еді. Оның үйлену тойына әлемдік жұлдыздың шақырылуы Назарбаевтар әулетінің ықпалы мен мүмкіндігін көрсететін оқиға ретінде қабылданды. Ал Канье Уэстің жеке кеште өнер көрсетуі қоғамда сән-салтанат пен жұмсалған қаражатқа байланысты түрлі пікір туғызды.
Содан бері Қазақстанда да, Назарбаевтар әулетінің өмірінде де көп нәрсе өзгерді. Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда отыз жылға жуық уақытқа созылған президенттік өкілетін тоқтататынын жариялады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ол қалған ресми қызметтері мен бұрынғы саяси ықпалының басым бөлігінен айырылды.
Ал Айсұлтан Назарбаев 2020 жылғы 16 тамызда Лондонда 29 жасында қайтыс болды. Оның қазасы сол кезде Қазақстан қоғамында кеңінен талқыланды.
Енді арада 13 жыл өткенде Канье Уэст мүлде басқа Қазақстанға қайтып келеді. 2013 жылы оның өнерін таңдаулы қонақтар ғана тамашаласа, бұл жолы рэпердің үлкен жеке концерті көпшілікке арналады. Ұйымдастырушылардың бастапқы ақпараты бойынша, билеттердің бағасы 120 мыңнан 350 мың теңгеге дейін белгіленген.
Алматыдағы концерт Ye-дің әлемдік туры аясында өтпек. Концерттік бағдарламада оның әр жылдары шыққан танымал туындылары орындалады деп жоспарланған. Әншінің соңғы шоуларындағы негізгі ерекшеліктердің бірі – рэпер сахнаға алып сфераның үстінде шығатын ауқымды визуалды қойылым.