Жаңалықтар

Айналайын, Алматы... Мегаполис демография мен миграция бойынша көшбасы орында

Айналайын, Алматы... Мегаполис демография мен миграция бойынша көшбасы орында
Фото: ашық дереккөздерден

Алматы сияқты алып мегаполистің тұрғыны болғысы келетіндердің қатары күн сайын көбейіп келеді десек, артық айтпаспыз.

Өйткені, Алатау баурайындағы шаһар көркем табиғатымен ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағынан да адамдардың өмір сүруіне қолайлы қалаға айналды 

Сол себептен де аймақтардан Алматыға ағылған адамдардың саны көбейіп отыр. Бұл мегаполистегі миграция үлесінің артуына айтарлықтай әсер етуде. Одан бөлек қаладағы демографиялық өсім де оң бағытта келе жатыр. Дерекке жүгінсек, биылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Алматы қаласының халқы 2 332,4 мың адамды құраған.

Бұл ел қалалары арасындағы ең ірі көрсеткіштердің бірі. Яғни Алматы тек экономикалық емес, адам саны және урбанизация тұрғысынан да жетекші мегаполистер қатарында.

Табиғи өсім және көші-қон динамикасына қарасақ, қаңтар–тамыз айларында қала тұрғындарының саны 13 308 адамға көбейген. Ал көші-қон балансы бойынша 27 034 адам алматылық болған. Зерделеуге сүйенсек, Алматыға ішкі көші-қон арқылы келушілердің үлесі басым. Яғни, Алматы тұрғындарының өсімін тек демография ғана емес, басқа облыстардан көшіп келушілер де қамтамасыз етіп отыр.

Бұл жағдай үлкен мегаполис ретіндегі Алматының табысты жұмыс, сапалы білім, лайықты қызмет көрсету мен қолайлы инфрақұрылым орталығы ретінде жайлы өмір сүру ортасына айналғанын білдіреді.

Тағы бір мәлім болған дерекке қарасақ, Алматыдағы этностық бөліністе қазақтардың үлесі артқанын байқаймыз. Статистика бойынша қаладағы қазақы ортаның шамасы 64,2 пайызға жеткен екен.

Әлбетте, қаладағы халық санының өсімі мегаполиске экономикалық даму серпіні мен қолжетімді еңбек күші мен әлеуметтік белсенділік те әкеледі. Мұндай өсудің артықшылықтары ретінде жұмыс күші мен тұтынушы потенциалының да өсуін айтуға болады. Бұл өз кезегінде инвестиция ағынына, бизнестің дамуына және қызмет саласының алға басуына жол ашады.

Сондай-ақ, қоғамдық қызметтерге деген сұраныстың артуы білім, беру медицина, инфрақұрылым салалары бойынша да ілгерлеуді қажет етеді. Екінші жағынан, бұл өсім инфрақұрылымға, көлік жүйесіне, тұрғын үйге, әлеуметтік қызметтің балабақша, мектептер, емдеу орындары сияқты түрі мен коммуналдық жүйеге үлкен жүктеме түсіруі мүмкін.

Яғни, Алматының дамуы осындай мүмкіндіктер мен сын-қатерлердің тепе-теңдігіне байланысты болмақ.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz