Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл бұрынғы бас бапкер Алексей Нидің тарапынан көрген әділетсіздік пен кемсітушілік туралы өз басынан өткен жағдайды баяндады. Бұл туралы спортшы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Sportinside.kz.
Жаппарқұл 2011 жылы ересектер арасында өтетін алғашқы әлем чемпионатына дайындық кезінде орын алған оқиғаны есіне алды. Сол уақытта оның салмағы 63 келі болса да, бапкерлер оны 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуге мәжбүрлеген.
"Командаға спорттық киімдер таратқан кезде маған 3XL өлшемді форма берді. Әрине, маған мүлде шақпады. Қарсылық білдіргенімде, Алексей Ни: “Бұл саған емес, Зуляға берілген!” деп айқай салды", – дейді Жаппарқұл.
Спортшының айтуынша, команда ішіндегі спортшылар бір-бірімен жақсы араласқанымен, бапкерлер тарапынан бөлінушілік анық байқалған.
"Бапкерлер өздеріне жақын шәкірттерін көтермелеп, басқаларды шеттететін. Қазақ спортшылары жиі кемсітілетін", – деп атап өтті ол.