Бокстан екі дүркін Олимпиада жүлдегері, Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында қазақ боксының жарық жұлдызы, марқұм Бекзат Саттарханов жайлы бұрын көп айтылмаған естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ауыр қазаға қарамастан, Жұмаділов Бекзаттың жан-жақты қабілеті мен еңбекқорлығын, сондай-ақ оның Олимпиада шыңына жету жолындағы табандылығын ерекше атап өтті.
"Бауырымыздың жатқан жері жайлы болсын. Жаны жәннатта болсын! Бекзат өнерлі жігіт еді. Сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Тек бокспен шектелмей, ән айтатын, гитарада ойнайтын. Олар інілеріміз ғой. Мен 1973 жылғы болсам, олар 1980 жылғы. Нұржан Каримжанов, Серік Елеуов, Бекзат Саттарханов, Олжас Оразалиев, Мақсат Бақтыбазаров, Бауыржан Қайырменов – бәрі бір команда болды. Бір жыл ішінде түсіп, бірінші нөмірге айналды", – деді ол.
Болат Жұмаділовтің айтуынша, Бекзат оның тұрақты спарринг серіктесі болған.
"Мен ересектер арасында 51 келіде болдым, ал ол жастар қатарында 57 келіде шықты. Бірақ біз бірге жаттығып, бір-біріміздің шеберлігімізді шыңдадық. Бекзат өте намысқой еді. Кросс кезінде әрдайым бірінші болып келетін. Ұзақ қашықтықтарға жүгіргенде аяғына қорғасын байлап алатын. Еңбегінің арқасында, Алланың қалауымен, Олимпиадада алтыннан алқа тақты", – деп еске алды чемпион.
Сондай-ақ Жұмаділов Бекзаттың Олимпиадаға жолдама алу кезеңі туралы да айтып өтті:
"Бұл салмақта Бақтияр Тілегенов көшбасшы еді, оны Әлем чемпионатына Хьюстонға алып барды. Ал Бекзат Ташкентте жолдаманы жеңіп алып, Олимпиадаға бірінші нөмірлі болып барды", – деді ол.