KZNews.kz
Қоғам

Аграркаполия: "Жаңа адамдар" ҚазҰАЗУ басшылығын айыптады

Абзал Бахытжан
Фото: Жаңа Адамдар

"Жаңа адамдар" қозғалысы ҚазҰАЗУ ғимараттары үшін күреске шықты, деп хабарлайды KzNews.

Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алдында «Жаңа адамдар» қозғалысы наразылық акциясын өткізді. Белсенділер университет басшылығын оқу корпустарын сатуды және коммерциялық мақсатта пайдалануды тоқтатуға шақырды.

Акция барысында белсенділер университет алдына «Аграркаполия» деп аталатын үлкен үстел ойыны түріндегі арт-нысанды орнатты. Белсенділердің айтуынша, бұл ойын университет аумағының қалай саудаға түсіп жатқанын символдық түрде көрсетеді.

Қозғалыс өкілдерінің мәлімдеуінше, университеттің бірнеше ғимараты коммерциялық нысандарға айналған: агрономия факультетінің жатақханасы – лаунж-барға, зооинженерия корпусы – караоке-клубқа, ал зертханалар – кеңселерге жалға берілген. Сондай-ақ, олар университет басшылығы қаланың жоғарғы бөлігінде құрылысқа салынған президенттік мораторийге қарамастан, RAMS компаниясына тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергенін айтады.

Наразылар университет ректоры Ахылбек Кәжіғұлұлына «Халық Қаһары» атты анти-сыйлықты тапсырмақ болған. Алайда, ректор жұмыс орнында болмаған. Белсенділер «сыйлықты» оның кабинетіне қалдырып кеткендерін мәлімдеді.

Абзал Бахытжан
Автордың басқа материалдары