Ақтөбеде Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген 18 жастағы сарбаздың ұрып-соғылғаны туралы арызына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақтаудан әскерге шақырылған Досымбет есімді сарбаздың анасы ұлының бірнеше күн ауруханада жатқанын 4 қыркүйекте білген. Оның айтуынша, сарбазды алдымен уролог, кейін травматолог тексерген. Дәрігер денсаулығындағы мәселелер дене жарақатынан болуы мүмкін екенін айтқан.
Анасының сөзінше, ұлы әскери бөлімде бірнеше рет соққыға жығылғанын айтып, бейнебайланыс кезінде өзін аға сержант пен екі сержант ұрғанын жеткізген. Травматолог полиция шақырғаннан кейін сарбаз құқық қорғау органдарына арыз жазған.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы оқиғаға қатысты тергеу басталғанын растады. Істі ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қарап жатыр. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, қызметтік тексеру жүргізілуде.
Ведомство мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Қазіргі уақытта сарбаз ауруханада ем алып жатыр.