KZNews.kz
Қоғам

“Африкада да бұлай болмаған шығар”: Алматыда тегін торт пен сушиге таласқандар бір-бірін таптап тастады

Ayzhan Sylanova
Фото: видеодан скриншот

Белгілі болғандай, іс-шара барысында ұйымдастырушылар келушілерге тегін торт пен суши таратуды жоспарлаған. Алғашында бәрі қалыпты өткенмен, адамдар саны көбейіп, кезек тәртібі бұзылған соң, жағдай бақылаудан шыққан.

Желіде тараған бейнежазбада ұзын үстел үстіне қойылған үлкен торттан ұйымдастырушылар алдымен балаларға тілімдеп үлестіре бастағаны байқалады. Бірақ артта тұрған топ алға ұмтылып, бірін-бірі итеріп, ығыстыра бастаған. Нәтижесінде, жұрт тағамға таласып, аз уақыт ішінде шағын дүрлікпе туындаған. Қалың нөпірдің арасында кішкентай балалардың да болғаны көрінеді.

Оқиға қоғамда үлкен сын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай акциялардың ұйымдастырылу тәртібін сынға алып, жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Мұндай нәтижесі алдын ала белгілі акцияларды не үшін өткізеді өзі?», – десе, енді бірі,
«Қазақстанда тегін тамақ тарату – қауіпті. Әр жолы осындай жағдай қайталанады», – деп жазған.

Тағы бір қолданушы:

«Балалар түсінікті, бірақ ересектердің осындай әрекетке баруы ұят. Тегін тағам үшін бір-бірін итеріп, таптап кетуге дейін бару – мәдениетсіздік белгісі», – деп пікір қалдырған.

Кейбіреулер мұндай шаралардың ұйымдастырушылық деңгейін сынға алып, қауіпсіздік талаптары сақталмағанын айтты.

«Осындай акциялар назар аударту үшін жасалады, бірақ тәртіп пен қауіпсіздік сақталмаса, кері әсері көп», – дейді желідегі пікір иелері.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары